Ссылки доступа

Қазақстандық шенеуніктер офшордағы есепшоты барын жоққа шығарды (видео)


Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев "офшор компаниясының акционері екенін" және "офшорда қандай да бір есепшоты барын" жоққа шығарды.

Астанада үкімет отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында Атамқұлов Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясы 1998 жылы "Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына шетелден инвестиция тарту үшін" құрылғанын және оған өзі "3,5 мың доллардай қаржымен құрылтайшы болып кіргенін" айтты. "Ресей мен Қазақстанда дағдарыс басталған соң компанияның жұмысы жүрмей қалды. Одан пайда таппадым. Кейін Мальтаға компания құрамынан шығатыным туралы хат жазғанмын. Жауап келмеді. Компаниядан мені шығарғанын, я шығармағанын білмеймін" деді Бейбіт Атамқұлов. Министр компания құрамынан шығуға қатысты заңгерлермен кеңесетінін айтты.

Paradise Papers мәліметтері бойынша, Сауат Мыңбаев Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері болып шыққан. 2011 жылы Meridian Capital Ltd. компаниясының 20 пайызы Мыңбаевқа тиесілі болған. Ал 2006 жылы компанияның "3 миллиард АҚШ доллары тұратын активтері" болған.

Сауат Мыңбаев Азаттыққа жауабында 2000 жылдардың басында мемлекетік қызметтен бизнеске кеткенін, сол кезде Meridian Capital компаниясы құрылып, оның акционері болғанын, бірақ "2003 жылы мемлекеттік қызметке шақырылған соң акциясын басқа адамға өткізгенін" айтады.

"Meridian Capital-дағы үлесімді мемлекеттік қызметкер ретінде салық декларациямда көрсеттім, компания қызметінен тапқан табысымды декларация жасап отырдым. Офшорда жеке өзімнің ешқандай есепшотым жоқ. Компанияның өзі офшорда тіркелген" деген Мыңбаев хатында.

Ол Paradise Papers құжаттарында Meridian Capital компаниясының акционерлері деп көрсетілген Нұржан Сұбханбердин, Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Азат Әбішев, Ян Коннор және Нина Жүсіповамен аталған компанияның акционерлері болғанын растады, бірақ қазір "компаниядан шығып кеткендіктен" бірге бизнес жүргізбейтінін айтты.

XS
SM
MD
LG