Ссылки доступа

Мәжіліс БАҚ туралы заңға өзгерісті алғашқы оқылымда мақұлдады (видео)


Парламент мәжілісі сәрсенбіде Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылап, алғашқы оқылымда мақұлдады. Заң жобасын ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев таныстырды.

Құжатты талқылау кезінде депутаттар Дәурен Абаевқа кейбір даулы өзгерістер мен түзетулерге қатысты сауалдарын қойды. Депутат Мұхтар Ермен жобада жеке немесе заңды тұлға мен БАҚ арасындағы дауды реттеуде БАҚ саласында қызмет ететін қоғамдық ұйымдардың мәмілегер болуы қарастырылған ба деген тұрғыда сұрақ қойды. Министр Абаев жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар мен БАҚ арасындағы дауды тараптар сотқа жеткізбей реттеуіне де, медиатор арқылы шешуіне де болатыны және БАҚ саласындағы кез-келген қоғамдық ұйымның медиатор қызметін атқара алатынын айтты.

Бұған қоса депутаттар мемлекеттік органдардың журналистердің сауалына жауап беру мерзімін ұсынылып отырған 15 күннен азайту қажеттігін де айтты. Депутаттардың сөзінше, 15 күннен кейін алынған ақпараттың маңыздылығы жойылып, ескіріп кетеді. Абаев бұған қатысты "әлемдік тәжірибеде мемлекеттік органдар ақпаратты 20 күн, тіпті бір ай шегінде де береді" деген уәж келтіріп, мұнда алаңдайтын ештеңе жоғын айтты. Ол ақпарат беру мерзімін 15 күннен азайтуды дегенмен жұмысшы тобында талқылауға дайын екенін жеткізді.

(БАҚ туралы заңға өзгерістер. Бірінші оқылым ) - видео

XS
SM
MD
LG