Фракция мүшелері дүйсенбіде Бабановтың фракция жетекшілігінен кету туралы өтінішін қарап, оны мақұлдаған. Бабановтың фракция жетекшілігінен кеткені туралы ресми түрде хабарланбады.
4 қарашада Қырғызстан бас прокуратурасы Жогорку Кеңеш депутаты, президенттік сайлаудан үміткер болған Өмірбек Бабанов пен басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексі 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
Бұл іс Бабановтың 28 қыркүйекте сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Ош қаласының "Әмір Темір" шағын ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөздеріне байланысты қозғалған.
Президент сайлауында басты қарсыласы, биліктегі Социал-демократиялық партияның кандидаты Сооронбай Жээнбековтен жеңілген Бабанов өзіне қарсы істі "саяси мақсатта қозғалған іс" деп атаған. Кейін Бабановтың Ресейде емделіп жатқаны хабарланған.