Ссылки доступа

Трамп Солтүстік Кореяны терроризмді қолдайтын елдер тізіміне қосты


АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяны терроризмді қолдайтын елдер тізіміне қосты. Сарапшылар АҚШ Пхеньянға бұған дейін-ақ қатаң санкциялар салғандықтан бұл шешімді символдық шара деп атады.

"Солтүстік Корея режимі заңға сай әрекет етуі тиіс. Ол заңға қайшы ядролық және зымыран бағдарламаларын тоқтатуы тиіс. Ол халықаралық терроризмді қолдауын доғарсын" деді Трамп. АҚШ президенті Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бауырының Малайзияда қаза табуын және Солтүстік Корея түрмесінде 17 ай отырған америкалық студент Отто Уормбирдің қазасын Пхеньянның заңсыз әрекеттеріне мысал қылды.

Солтүстік Кореяны 2008 жылы сол кездегі АҚШ президенті кіші Джордж Буш Пхеньян өзінің ядролық нысандарына халықаралық инспекторларды кіргізуге келіскен соң терроризмді қолдайтын елдер тізімінен шығарған. Трамп Буштің ол шешімін "аңғыртттық және қателік" деп атады.

Солтүстік Корея соңғы айларда бірнеше рет баллистикалық зымыран ұшырып, ядролық сынақ жасаған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұған жауап ретінде АҚШ-тың ұсынысымен Солтүстік Кореяға қарсы қосымша санкциялар салған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның сөзінше, президент Трамптың шешімі басқа елдерге АҚШ-тың Солтүстік Корея мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын ұқтыруы тиіс.

Бұған дейін терроризмді қолдайтын елдер тізіміне Сирия, Иран және Судан енгізілген.

XS
SM
MD
LG