Ссылки доступа

Назарбаев БАҚ туралы даулы заңға қол қойды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң мәтіні баспасөзде жарияланбақ.

Заңды дайындағандар құжат БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы қатынастарды құқықтық жағынан реттейтінін айтады.

Бұған дейін ақпарат және коммуникация министрлігі заң жобасын парламентте таныстырғанда құжатта журналистерге азаматтардың жеке басына қатысты, атап айтқанда қаржылық жағдайы, есепшоты, бала асырап алуы сияқты ақпараттарды олардың рұқсатымен жарялауды міндеттейтін талаптар қарастырылғанын айтқан.

Заң бойынша, мемлекеттік органдар журналистердің материал дайындау үшін жолдаған сауалына 7 күн ішінде жауап беруі тиіс. 22 қарашада заң жобасын мәжілісте таныстырған ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жобада мемлекеттік органдардың "қоғам өміріне аса маңызды оқиға немесе төтенше жағдайлар" кезінде үш сағат ішінде ресми ақпарат таратуын міндеттейтін талап қойылғанын айтқан.

Министр бұл жобада телеарналарда діни тақырыптағы және балаларға арналған бағдарламалар арасында жарнама беруге тыйым салу жайы да қарастырылғанын да хабарлаған. Жобада жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар мен БАҚ арасындағы дауды тараптардың сотқа жеткізбей реттеуіне де, медиатор арқылы шешуіне де мүмкіндік қарастырылған және БАҚ саласындағы кез-келген қоғамдық ұйымның медиатор қызметін атқаруына құқық берілген.

Заң электрондық ресурстар иелерін қолданушылар ақпаратын жариялағанда олармен электрондық қолтаңба немесе SMS идентификацияны пайдалану туралы келісім жасасуға міндеттейді.

«Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы заң жобасын дайындап, қабылдауда журналистер мен белсенділердің және үкіметтік емес ұйымдардың пікірі еленбегенін мәлімдеген болатын. Ұйым парламент «коррупционерлер қолайына жағатын» заң жобасын қабылдап жібергенін айтқан. «Егер даулы заң жобасына президент қол қойып, ол күшіне енетін болса бұл елдегі сөз бостандығына елеулі соққы болып тиеді. Заңға енгізілетін өзгертулер іс жүзінде журналистік зерттеу жүргізуге салынған тыйым" деп мәлімдеген ұйым.

XS
SM
MD
LG