Ссылки доступа

Қырғызстан парламентінің депутаты Исаев 12 жылға сотталды


Бішкектің Первомай аудандық соты парламенттегі «Қырғызстан» фракциясының депутаты Қанатбек Исаевты коррупция айыбымен 12 жылға соттады.

Исаев муниципалдық базар мен автостанция салуға қатысты екі эпизод бойынша айыпты деп танылған. Үкім бойынша, депутат жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан үш жылға айыру туралы үкім кесіп, басқа екі айып бойынша ақтады.

Судья Әбдіразақ Боромбаевтың айтуынша, Уақытша үкіметтің 2010 шығарған декретіне сай, Қанатбек Исаев жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі қысқарады. Исаевтың адвокаты Сергей Слесарев сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Бұған дейін прокурорлар соттан Исаевты 20 жылға соттауды сұраған.

Қанатбек Исаев 2009-2010 жылдары Тоқмақ қаласының мэрі болып тұрғанында жер телімдерін заңсыз сатты деп айыпталып, ол бойынша 2017 жылдың мамырында «коррупция» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Былтыр 30 қыркүйекте Қанатбек Исаевтың үстінен «билікті күшпен баспы алуға дайындалды» деген күдікпен екінші іс қозғалған. Первомай аудандық соты 2 қазанда Исаевты тергеу аяқталғанға дейін қамауға алған, кейін қамау мерзімі ұзартылған.

Қанатбек Исаевтың жақтастары оның «саяси себеппен» қудаланып отырғанын айтады.

XS
SM
MD
LG