Ссылки доступа

Өзбекстанда қажылыққа қайта баруға тыйым салды


Өзбекстан үкіметі ел азаматтарының қажылыққа бару тәрібін реттейтін жаңа ереже шығарды. Өткен жылғы желтоқсанның соңында күшіне енген үкімет қаулысында "қажылыққа баруға бұрын осы сапарға бармағандар ниет білдіре алады" деп жазылған.

Құжатқа сәйкес, бұдан былай Өзбекстаннан Меккеге қажылық парызын өтеуге бұрын бармаған адамдарға ғана қажыға баруға рұқсат етіледі. Ал умраға (кіші қажылық) өзбекстандықтар соңғы 2 жылда бармаған болса және үлкен қажылық сапарынан кейін 5 жыл өткен соң ғана бара алатын болады.

Бұрынғы ереже бойынша, Өзбекстанда азаматтардың екінші рет қажыға баруына алғашқы сапарынан 5 жыл өткен рұқсат етіле беретін.

Жаңа қаулыда қажылыққа баруға ниет білдіргендерді іріктеу 5 ай бұрын басталатыны, ал қажылық жасауға үміткерлер кезекке тұрмас бұрын әңгімелесу мен іріктеу кезеңінен өтетіні көрсетілген. Сондай-ақ үміткерлердің "адасқандарды дұрыс жолға салуда, оларды әлеуметтік қайта бейімдеуде, махаллада қайырымдылық шараларын өткізуде белсенділік танытуы талап етіледі" деп жазылған.

Кандидаттарды аудандық (қалалық) хокимдер құрған жеті адамнан тұратын жұмыс тобы іріктейді. Олардың құрамына ауданның бас имамы, махалла имамы, махалла төрағасы, діни ағарту және рухани тәрбие жөніндегі кеңесші, профилактика инспекторы және әйелдер комитеті мен "Нуроний" қорының өкілдері кіреді.

Ислам серіктестігі ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері 1987 жылы қол қойған келісімге сәйкес, әр ел жыл сайын әр миллион мұсылманнан мың адамды қажылыққа жібере алады. Бұл квотаға сәйкес, ресми мәлімет бойынша 30 миллионнан аса тұрғыны бар Өзбекстанда жыл сайын кемінде 20 мың азамат қажылыққа бара алады.

XS
SM
MD
LG