Арнаға сұхбат берген Зарифа есімді әйел Ахмад Тұрсынбаевқа 6 мың АҚШ доллар бергенін айтады.
"Жеңіл көліктерін берген адамдар мүлкін қайтарып алып жатыр. Иесін көліктің нөміріне қарап білуге болады. Ал ақшалай бергендер қайтара алмай жатыр. Себебі, бұл құжатта көрсетілмеген. Болғанның өзінде құжаттың бәрін жойып жіберген", – дейді Зарифа.
Ахмад Тұрсынбаевтың өзі 2016 жылдың маусым айында ұсталған. Ол қазір Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысында отыр. Қаржы пирамидасының салымшылары бірнеше ондаған мың адам.
Құқық қорғау органдары мәліметіне қарағанда, Ахмад Тұрсынбаев халықтан жеке мүліктерін, бағалы заттарын, ақшасын заңсыз, еш кепіл құжатсыз қабылдаған.
Былтыр жазда Ташкент облысында Ахмад Тұрсынбаевқа қатысты сот ісі басталған. Іс әлі жалғасып жатыр.