Ссылки доступа

Тәжікстанға азаматтық соғыс жылдары жүздеген адамның өмірін жалмаған індет қайтып оралды


Тәжікстанда бір отбасының алты адамы азаматтық соғыс жылдары ондаған адамның өмірін жалмаған аурудың түрімен ауруханаға түсті.

Бұл індет тамақтан улану арқылы бауыр қызметін істен шығаратын гелиотропты гепатитке әкеледі. Ол әдетте арамшөп қосылған нанды жегенде пайда болады. Індеттің белгілері - бауыр ісіп, басқа да созылмалы аурулары қозады.

31 қаңтарда бұл індеттен Ишкашим ауданында тұратын мұғалімдер отбасының 13 жастағы баласы қайтыс болған. Қазіргі кезде бұл отбасының екі адамы ауыр халде ауруханада жатыр.

Отағасы Курбонбек Курбонбековтің өзі де ауруханада жатыр екен. Олар бидай ұнынан жасалған нанды жегеннен кейін, отбасымен ауыр халге түскен.

«Қазір 3,5 жастағы немерем мен 11 сыныпта оқитын ұлым балалар ауруханасында жатыр. Ал мен және әйелім терапия бөлімінде жатырмыз», –дейді Курбонбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, аурудың себебі - олар жеген нанда гелиотроп арамшөбі болған. Арамшөп диірменге байқаусызда қосылып кетуі мүмкін дейді мамандар.

Соңғы мәліметке қарағанда, Ишкашим ауданының Птуп қышлағында да екі отбасы аталған диагнозбен ауруханаға түскен.

Гелиотропты гепатит 1992 жылы Тәжікстанның оңтүстігінде кең тарады. Ол кезде 8 мыңға жуық адам ауырып, кемінде 500 адам көз жұмған.

XS
SM
MD
LG