Ресейлік әскери дәрігер агенттікке 100-ге жуық адамның көз жұмғанын хабарлаған, ал сарбаздарды жақсы білетін дереккөз қаза тапқандар саны 80-нен асып түседі деген. Тағы бір дереккөз Сириядан жеткізілген жаралылар Ресейдің төрт әскери госпиталына жеткізілген дейді. Олардың ішінде Вишневский ауруханасы Красногорск, Бурденко госпиталы Мәскеуде, ал әскери-медициналық академия Санкт-Петербургте орналасқан.
Мәскеудің әскери госпиталында жұмыс істейтін әскери дәрігер Сириядан жеткізілген сарбаздарға ота жасаған екен. Оның айтуынша, елу шақты сарбаз бар. Олардың 30 пайызы өте ауыр халде.
Аты-жөнін құпия ұстауды жөн көрген дәрігер өткен жұма күні және дүйсенбі күні таңертең үш ұшақпен жаралыларды жеткізгенін айтады.
Жаралылар туралы ақпарат 7 ақпанда пайда болды. Сол күні АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалиция Сирия президенті Башар Асад әскеріне қарсы әуе соққысын берген. Ресми Мәскеу бес адамның қаза тапқанын, бірақ олардың ресейлік қарулы күштерге еш қатысы жоқ екенін айтқан. Reuters құрбандар санынан Мәскеудің Сириядағы әскери қақтығысқа қаншалықты қатысы бар екенін білуге болады деп атап өтеді.
Ресейдің СІМ баспасөз хатшысы Мария Захарова алдын бес ресейлік азаматтың қаза тапқанын, бірақ олардың әскер қызметкер емес екенін айтқан. Ол Ресейдің қарсыластары ондаған немесе жүздеген ресейлік құрбан болды деп жалған ақпарат таратып жатыр дейді.