Ссылки доступа

Өзбекстанда Әндіжан оқиғасынан кейін сотталған Исраил Халдаров бостандыққа шықты


21 ақпанда Өзбекстан билігі 64/68 түрмесінен оппозициялық белсенді әрі құқық қорғаушы Исраил Халдаровты бостандыққа шығарды. Сол күні ол үйіне оралды. Бұл жөнінде Әндіжаннан құқық қорғаушы Саиджахон Зайнобиддинов хабарлады.

Исраил Халдаров Әндіжанда мұғалім болып жұмыс істеген. 2003 жылдан бері «Эрк» оппозициялық партиясының Әндіжан облысы бөлімшесін басқарған.

2005 жылдың 13 мамырында болған қанды оқиғадан кейін Исраил Халдаров қоғамға қаладағы шынайы оқиғаны ашық жеткізген. Сол кезде Бабур алаңында қаза тапқандардың Багишамал зиратына жаппай жерленені Халдаров арқылы мәлім болған.

Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстанда оппозиция лидерлері мен құқық қорғаушыларды жаппай қуғындау басталды. Кейбір мәліметтерге қарағанда 2005 жылдың аяғында Исраил Халдаров саяси босқын мәртебесін алу үшін Қырғызстанға қашып барған. Бірақ 2006 жылдың жаз мезгілінде Исраил Халдаров Ошта із-түссіз жоғалып кетеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда сол кезде оны Өзбекстанның арнайы қызметі ұрлап еліне алып кеткен.

2007 жылдың ақпан айында Өзбекстан соты Исраил Халдаровты Әндіжан оқиғасына қатысты айыптап 6 жылға соттаған. 2012 жылы жазасын тағы үш жылға созды. 2015 жылы Халдаровқа тағы 3 жыл 6 ай қосады.

Ол түрмеден шыққан кезде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевқа және халықаралық құқық қорғау ұйымдарына алғысын жеткізген.

XS
SM
MD
LG