Ссылки доступа

Тәжікстандағы банк салымшыларға "қажетсіз" мүліктерін үлестіреді


"Агроинвестбанктың" Бохтар қаласындағы филиалы қызметкерлерді қысқартудан кейін қалған мүліктерді - автокөліктер, техника, сейфтер және касса құрал-жабдықтарын салымшыларға үлестіреді.

Банк осылайша жеке тұлғаларға берешегінен құтылуды көздеп отыр, деп хабарлады "Агроинвестбанк" филиалының басшысы Лоик Кудратов.

"Агроинвестбанк" екі жылдан бері қаржы тапшылығын көріп келеді. Соған байланысты банк салымшылар алдындағы жауапкершілігін толық өтей алмай отыр. Өткен жылы күзде "Агроинвестбанк" қызметкерлерінің 75 пайызын қысқартты.

Хатлон облысындағы қоғамдық ұйым қызметкері Рахмонали Давлатов банкте шамамен 200 мың сомони сақтағанын айтты. "Бізге 42 мың сомони тұратын "Нива" автокөлігін, сонымен бірге техника ұсынды. Банк есебінде тағы біршама ақша қалады. Банк ол үшін жиһаз ұсынып отыр. Осылай келісіп жатырмыз", - деді ол.

Банктің тағы бір салымшысы Фирузаға қаржы мекемесі телевизор мен кір жуғыш ұсынған. "Мен оларды сатып, банкке салған ақшамды қайтармақшымын", - деді Дусти ауылының мұғалімі.

"Жыл басынан бері банктің 103 орталығы, бес филиалы және бір департаменті қызметін тоқтатты, сол арқылы шығын едәуір азайды", деп хабарлады банк.

XS
SM
MD
LG