Ссылки доступа

Сирия әскері БҰҰ жариялаған бітімді бұзып отыр


Сирия авиациясы 24 ақпанда Дамаск маңындағы көтерілісшілер бақылайтын Ғута аймағының шығысын бомбалауын жалғастырды деп хабарлады Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы мен France-Presse агенттігі.

Бақылаушылардың мәліметінше, бір аптада Ғутада артиллериялық атқылау мен әуе соққыларынан кем дегенде 519 адам қаза тапқан. Құрбандар арасында жүзден астам бала бар. SOHR Ғута маңында үкімет күштері мен көтерілісшілер арасында кескілескен шайқас жүріп жатқанын хабарлады.

24 ақпан күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияда жаралыларды эвакуациялап, гуманитарлық көмек жеткізу үшін дереу 30 күнге гуманитарлық бітім жариялау туралы қарарды бірауыздан мақұлдаған.

Қарар бойынша, қақтығысты тоқтату режимінің күші «Әл-Қаида» және «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымдарына жүрмейді. Ресей бітім бұл ұйымдармен «байланысы бар» басқа топтарға да қатысты болмауы тиіс деп талап еткен. Бұл тұжырым қарама-қайшы түсінік тудыруы мүмкін. Себебі Сирия билігі Батыс елдері қолдайтын көтерілісшілерді «терроршылар» деп атайды.

XS
SM
MD
LG