Ссылки доступа

Шығыс Ғутада "гуманитарлық үзіліс" осымен үшінші рет бұзылды


БҰҰ сириялық Шығыс Ғутада жағдайдың күрт нашарлағанын мәлімдеді. Ел аумағында бітімге келу жөнінде резолюция қабылдағанына қарамастан соғыс жүріп жатыр деп мәлімдеді БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі арнайы елшісі Ян Эгеланн Женевада.

Ол Ғутада Ресей және Сирия үкіметі ұйымдастырған гуманитарлық дәліздің тиімді болмай отырғанын атап өтті. Эгеланның сөздерінше, бейбіт тұрғындарды эвакуациялап, гуманитарлық көмек көрсету үшін тәулігіне бес сағат аздық етеді.

Бейсенбі күні Шығыс Ғутада осымен үшінші рет "гуманитарлық үзіліс" бұзылған. Ресей бұған Башар Асад режиміне қарсы оппозицияны айыптайды. Кремль оларды "террористер" деп атайды.

Сирия оппозициясы осыған дейін Ресей эвакуация кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды деп мәлімдеген. Гуманитарлық дәліздің нашар ұйымдастырылғаны жөнінде Халықаралық Қызыл Крест комитеті мен Адам құқықтарының бұзылуына мониторинг жүргізетін сириялық орталық да мәлімдеген.

Ақпан айының соңында Ғутада бірнеше жүз бейбіт тұрғын қаза тапты. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирияда 30 күндік бітімге келу резолюциясын қабылдаған. Бірақ Ресей Асад қарсыластарына қарсы күрес тоқтатылмауы тиіс деген ұстанымын қорғап шыққан.

XS
SM
MD
LG