Ссылки доступа

12 мың тәжік жасы Өзбекстан президентін күтіп алуға дайындалып жатыр


12 мың тәжік оқушысы мен студенті Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті күтіп алады. Өзбек басшысының Душанбеге бірінші ресми сапары 9 наурызда басталады.

Тәжікстан президенті әкімшілігіндегі дереккөзге қарағанда, бұл күндері мәртебелі қонақты күтіп алу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Дайындық жұмыстары Айни көшесі бойында және әуежайда жүріп жатыр. Әзірге Мирзияев кортежінің әуежайдан бас сарайға қай көшемен жүретіні белгісіз. Сондықтан дайындық жұмыстары әзірге осы аудандарда жүріп жатыр. Жастардың қолдарында өзбек және тәжік жалаушалары болады», - деді ол.

Дайындық жұмыстарына қатысып жатқан тәжік студенттерінің бірі 9 наурызда бәріне ұлттық киім киюді тапсырғанын айтады. «Дайындық жұмыстарын білім және ғылым министрінің өзі келіп қадағалайды. Жоспар бойынша, көшенің екі жағында жастар Өзбекстан президентіне «Хуш омадед!» (Қош келдіңіз!) деп қошемет көрсетуіміз керек», - дейді студент.

Тәжікстан билігі Шавкат Мирзияевтің Душанбеге сапары ұзақ күтілген маңызды оқиға екенін жасырмайды. Өткен аптада президент Эмомали Рахмонның баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзода «бұл екі елдің қарым-қатынасында болған бөгетті бұзатын тарихи оқиға болмақ» деген.

XS
SM
MD
LG