Ссылки доступа

Ташкентте журналист Абдуллаевтың ісіне қатысты сот басталды


Ташкенттің қалалық сотында журналист Бобомурод Абдуллаев, блогер Хаетхон Насреддинов және жергілікті кәсіпкерлер Равшан Салаев пен Шавкат Оллоеровқа қатысты сот басталды.

Ташкент журналисі Малохат Эшанкулованың сөздерінше, сот залында шамамен 60 адам – айыпталушылардың туыстары, шетел елшілігі өкілдері, жергілікті және батыс журналистері және құқық қорғаушылар болған.

Сот барысында Бобомурод Абдуллаевтың адвокаты Сергей Майоров журналисті азаптау арқылы "қылмысын мойындатуға" мәжбүрледі деген. Ол осыған байланысты судья Зафар Нұрматовтан журналисті медициналық тексеруден өткізуді сұраған. Сот адвокаттың өтінішін қабылдап, медициналық сараптама қорытындысы шыққанша үзіліс жариялаған.

Еске сала кетейік, 3 наурызда тергеу абақтысында Бобомурод Абдуллаевпен кездескен адвокат Сергей Майоров былтыр 27 қыркүйектен 5 қарашаға дейін журналисті аяусыз азаптағанын мәлімдеген еді. Ол сонымен бірге Абдуллаевқа психологиялық зорлық көрсеткенін де айтқан. "Оған Ресейдегі қызын зорлаймыз, осындағы балаларын өлтіреміз, ал әйелін түрмеге отырғызамыз деп қорқытқан. 5 қарашада құжаттарға қол қойғаннан кейін ғана оны азаптауды тоқтатқан. Тергеушілер оны ұрмаған. Абақтыда зорлық көрсететін басқа адамдарды қолданған", – деді адвокат Сергей Майоров.

6 наурызда адвокат журналистпен кезекті рет кездескен кезде, оған журналист тергеушілердің Ұлттық қауіпсіз қызметін басқаратын бұрынғы бас прокурор Ихтиер Абдуллаевқа және былтыр қыркүйек айында Өзбекстанның ішкі істер министрі болып тағайындалған Пулат Бабаджановқа қарсы оларды әшкерелейтін материалдар жинап жатқанын айтқан. Мұнан бөлек журналист өзін "Өзбекстанның халықтық қозғалысы" оппозициялық лидеріне қарсы куә беруге мәжбүрлегенін мәлімдеген.

Бобомурод Абдуллаев, блогер Хаетхон Насреддинов және жергілікті кәсіпкерлер Равшан Салаев пен Шавкат Оллоеровқа қарсы Қылмыстық кодекстің 159-4 бабы бойынша («Конституциялық құрылымды күштеп бұзып, билікті құлату үшін ұйымдасу») айып тағылған.

XS
SM
MD
LG