Ссылки доступа

Ресей ОСК: Сайлаушылардың 67 пайызы дауыс берді


Ресейде президент сайлауына дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 67 пайызы қатысты деп хабарлады Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасының орынбасары Николай Булаев. Әзірге дейін сайлау бюллетендерінің түгелге жуығы саналған.

ОСК мәліметі бойынша, сайлауда іс басындағы президент Владимир Путин жеңіп тұр. Оған сайлаушылардың 77 пайызы (немесе 55 миллионнан астам адам) дауыс берді. Екінші орынды 12 пайыз дауыс жиған Ресей Федеарциясы Коммунистік партиясының кандидаты Павел Грудинин, үшінші орынды 5,7 пайыз дауыс жиған Либерал-демократиялық партиясының кандидаты Владимир Жириновский иеленді. "Гражданская инициатива" тобынан түскен Ксения Собчак 2 пайызға жуық, "Яблоко" партиясының негізін салушы Григорий Явлинский 1 пайыз дауыс жинаған.

"Партия роста" саяси ұйымының лидері Борис Титов, "Коммунисты России" партиясының жетекшісі Максим Сурайкин және "Российский общенародный союз" партиясынан түскен Сергей Бабурин әрқайсысы бір пайызға да толмайтын дауыс жинаған.

ОСК жетекшісі Элла Памфилова сайлау "ашық өтті" деп мәлімдеді. Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жақтайтын бақылаушылар дауыс бергендер саны бойынша шынайы көрсеткіш бұдан төмен – 55 пайыз дейді. Ресми дерек бойынша, бұның алдында 2012 жылы президентті сайлауға дауыс беру құқығына ие ресейліктердің 65 пайызы қатысқан.

65 жастағы Владимир Путин Ресейді 2000 жылдан бері басқарып отыр. Ол 12 жыл президент, арасында төрт жыл премьер-министр қызметін атқарды. 18 наурызда дауыс беру аяқталған соң сайлау штабында сөйлеген Путин әзірге қандай да бір конституциялық реформа жүргізу жоспарында жоқ екенін мәлімдеді. Путин үкіметті кім басқарады деген сауалға бұл мәселені енді ойластыратынын айтқан. Ол ендігі іс-жоспарын инаугурациядан соң жариялайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG