Ссылки доступа

Ош билігі "жайылымды Өзбекстанға жалға берген" деген ақпаратты жоққа шығарды


Қырғызстанның Алай ауданындағы "Сарыташ жайлауын Өзбекстанға жалға берген" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Қырғызстанның Ош облысындағы уәкілетті үкімет өкілінің баспасөз хатшысы Жумамидин Сулайманкулов хабарлады.

Оның айтуынша, 29 наурызда Ферғанада Қырғызстан мен Өзбекстанның шекаралас облыс басшылары кеңесінің алғашқы отырысында өзбек тарапы жайылымды, кеңес заманындағыдай, жалға беріп тұру тәжірибесін қайта жаңғыртуды ұсынған.

"Қырғыз тарапы "бұл мәселе кейін қаралады" деп жауап берді. "Жайылымды жалға берген" деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді Сулайманкулов.

29 наурызда өзбектің Ферғана қаласында өткен Кеңесте тараптар "барлық мәселе бойынша келісімге келді", деп хабарлаған Қырғызстан үкіметі. Бұл нақты қандай келіссөздер екені белгісіз.

Қырғызстанның Баткен, Ош және Жалал-Абад облыстары және Өзбекстанның Әндіжан, Ферғана және Наманган облыстары шекаралас орналасқан.

2017 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан 1378 шақырымдық шекараның 1170 шақырымын, яғни 85 пайызын келістірген. Қалған 208 шақырым 2017 жылдың аяғына дейін бекітіледі деп хабарланған, бірақ делимитация және демаркация жөніндегі жұмыстар әлі біткен жоқ.

XS
SM
MD
LG