Ссылки доступа

Түркіменстан президенті ұлын сыртқы істер вице-министрі етіп тағайындады


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің жалғыз ұлы Сердарды сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындады. Бұл жөнінде Түркіменстан үкіметінің ресми сайтында жарияланған.

36 жастағы Сердар депутат әрі парламенттегі заң шығару ісі жөніндегі комитеттің төрағасы (ол депутат болғаннан кейін үш айдан соң комитетті басқарды). Осыған дейін 2015 жылдың шілде айында түркімен президентінің арнайы қаулысымен СІМ құрылымында жоғары лауазымды қызметке ие болып, докторлық диссертациясын қорғаған.

2017 жылдың көктемінде және жазында ол бірнеше рет ресми түрде шетелге сапарға шығып, Ресей және Қазақстан президенттерімен кездесті. Сарапшылар Сердарды соңғы кезде әкесімен бірге жиі халық алдына шығып жүргенін айтады. Ал ресми сайттар оны спорт саласына қосқан еңбегі үшін "халықтың ұлы" деп атайды. Қазірдің өзінде көптеген эксперттер Сердарды Түркіменстан президентінің тақ мұрагері ретінде көреді.

Бірақ Гурбангулы Бердімұхамедов жақын уақытта қызметінен кете қоймайды. 2016 жылдың қыркүйек айында ел Конституциясына өзгерістер енгізіліп, Бердімұхамедов өмір бойы мемлекет басшысы болуға мүмкіндік алды.

Түркіменстан президентінің ұлынан бөлек үш қызы бар.

XS
SM
MD
LG