Ссылки доступа

Тәжікстанда "милиция азаптауынан" өлген автомеханик ісі тексеріліп жатыр


Абдурасул Назаров

Душанбе қаласының Сино-2 милиция бөлімінде өлген Абдурасул Назаровтың туыстары Тәжікстан Бас прокуратурасының басшылығымен кездестіруді талап етті.

Өткен айда Сино-2 милиция қызметкерлері ұстағаннан кейін өлген Назаровтың ісін Душанбе қалалық прокуратурасы алдын ала тергей бастады. Дереккөздің 2 сәуірде хабарлауынша, тергеу қалалық прокурордың жеке бақылауына алынған.

"Назаров өліміне қатысты қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ. Қазір тергеушілер милиция қызметкерлерін, дәрігерлерді және марқұмның туыстарын тергеп жатыр. Қылмыстық істі қозғау-қозғамау туралы шешім алдын ала тексеруден кейін қабылданады", - деді дереккөз.

Автосервис механигі Абдурасул Назаровты 28 наурызда Душанбе қаласы Сино-2 милиция бөлімінің екі қызметкері ұстаған. Кейін денесінде азаптау іздері қалған Назаровтың денесін Ұлттық медициналық орталықтың травматология бөлімінің дәрігерлері туыстарына берген. Медицина мекемесінің қабылдау бөліміндегілер берген мәлімет бойынша, өлім аузындағы Назаровты ауруханаға Сино-2 бөлімінен 28 наурызда кешке әкелген.

Тергеу органындағы дереккөздің айтуынша, Назаровты оның бір туысынан бірнеше грамм анаша тапқаннан кейін ұстаған. "Туысы анаша Абдурасулдікі деп айтқан. Милиция қызметкерлері Назаровты Сино-2 бөліміне тергеуге алып кеткен. Беттестіру кезінде Назаровтың туысы тергеу кезінде айтқандарын қайталаған. Одан соң Назаровтың есірткіден денесі сынып, жүрегі ұстап қалды", - деді дереккөз.

Бірақ марқұмның жесірі Садбарг Бобохонова бұны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Ол күйеуінің есірткіден таза, дені сау болғанын айтты. Назаровтың туыстары кісі өлімін әділ тергеп, қылмыстық істі "азаптау" фактісі бойынша қозғауды талап етті.

XS
SM
MD
LG