Ссылки доступа

Forbes Kazakhstan және Ratel.kz редакцияларындағы тінтуден соң ұсталғандар босатылды (видео)


Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайтының Алматыдағы редакциядарын 2 сәуірде тінтіген соң ұсталған журналистер босатылды.

Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов, бас редактордың орынбасары Сапа Мекебаев және журналист Анна Калашникова дүйсенбі күні кешке ішкі істер департаментіндегі тергеуден шықты, деп хабарлады Ratel.kz журналисі Вадим Борейко Facebook'тегі парақшасы арқылы. Оның алдында Forbes Kazakhstan журналы бас редакторының орынбасары Александр Воротилов босатылған.

Журналистерді редакциядағы тінтуден соң ұстаған еді. Алматы полициясы бұл әрекетін екі ақпарат құралы "әдейі жалған мәлімет таратады" делінген "азамат К" арызымен байланыстырды. "Азамат К" - бұрынғы мемлекеттік кірістер министрі, кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов, дейді БАҚ қызметкерлері. Кәкімжанов өткен жылы аталған басылымдармен соттасып, олардан 50 млн теңге өндіру шағымын жеңіп шыққан. Кәкімжановтың жемқорлық схемасын әшкерелемек болған журналистер соттың бұл шешімімен келіспеді.

Полиция Forbes Kazakhstan редакциясын тінтіген соң, Воротиловтың жұмыс компьютерін алып кетті. Өткен аптада бұғатталған Ratel.kz сайтының редакциясынан да компьютерлер мен құжаттар алынған.

Кәкімжанов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзіне қарсы мақалаларды "тапсырыспен жазылған" деп атады.

XS
SM
MD
LG