Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары жанжал шыққан жерді күзету тәртібін белгіледі


Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары жанжал шыққан шекара учаскесін күзету тәртібін бекітті. Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі хабарлады.

Мекеме мәліметі бойынша, 3 сәуірде Қырғызстанның Баткен облысына қарасты Уч-Добо ауылы тұрғындары мен Тәжікстанның Исфара ауданындағы Қожа-Аъло ауылының халқы шекарадағы жерге байланысты жанжалдасып қалды. Қазір жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Екі елдің шекара қызметі өкілдері шұғыл түрде кездесіп, мемлекеттік шекарадағы даулы жерді күзетудің тәртібін нақтылады. Шекара қызметтері күшейтілген жүйеге көшірілді.

Бұған дейін хабарланғандай, Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалға қырғыздың Уч-Добо тұрғынының дуал тұрғызуы себеп болған. Бұл ауылдар мемлекеттік шекараның әлі келісілмеген учаскесінде орналасқандықтан, мұнда шаруашылық жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған.

Қырғызстан тұрғынының бұл тыйымды қаперіне алмауы Тәжікстанның Қожа-Аъло ауылы тұрғындарын ашуландырды. Екі ауылдың елуге жуық адамы соған дауласып, бір-біріне тас лақтыруға дейін барған.

Шекара қызметі жанжал шыққан аймақтағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG