Ссылки доступа

Тәжікстанда шетелге ақша аударуға қойылған шектеулер жұмсартылды


Тәжікстанның ұлттық банкі шетелге ақшаны банк арқылы аударуға қойылған шектеулерді жұмсартты. Енді Тәжікстан азаматтары шетелге күніне 10 мың долларға дейін ақша аудара алады. Бұған дейін 3 мың доллар ғана сыртқа аударуға рұқсат бар еді.

"Эсхат" банкінің Душанбедегі өкілі Анвар Сатторовтың айтуынша, 204-нұсқаулыққа түзетулер енгізілген. "Бұрын азаматтар шетелге күніне 27 мың сомониға дейін ақша жібере алатын. Қазір 87,5 мың сомониге дейін ақша аударуға болады", - деді ол.

Сатторовтың сөзіне қарағанда, азаматтар сомонимен ақша аудара алады, ал банк оны конвертациялап, алушы ақшаны қалаған валютасымен шешіп ала алады. "10 мың доллардан астам ақша аудару үшін банк есебін ашу қажет", - деп түсіндірді банк қызметкері.

Тәжікстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, шетелге ақша аудару жүйесіне өзгертулер биыл наурыз айында дайындалып, оны Әділет министрлігі бекіткен. Нұсқаулықтың елдегі барлық банктерге қатысы бар.

Дереккөз мәліметі бойынша, шетелге ақша аударуға шектеулер өткен жылы елдің банк жүйесіндегі дағдарыс кезінде енгізілген.

XS
SM
MD
LG