Ссылки доступа

Мирзияев Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстан шекаралары түйіскен нүкте туралы келісімді мақұлдады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2 сәуірде "Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстан арасында үш мемлекеттің шекаралары түйіскен ауданына қатысты келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды.

Заңды 29 наурызда Өзбекстан парламентінің сенаты қабылдады. Үш жақты құжатқа 2017 жылы 10 қыркүйекте Самарқанда Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстанның сыртқы істер министрлері қол қойған.

"Бұл тарихи құжат, өйткені ол үш елдің мемлекеттік шекараларын заңмен рәсімдеуді аяқтайды", - деді "Интерфакс" агенттігіне сенаттың ақпарат тарату қызметі.

Келісім преамбуладан, үш баптан және екі қосымшадан тұрады. Онда Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстан шекараларының түйіскен нүктесі анықталған, оған сипаттама берілген. Үш мемлекеттің түйіскен нүктесі бірлесіп жасалған топографиялық картаға түсірілді.

XS
SM
MD
LG