Ссылки доступа

Өзбекстан Тәжікстанға қайтадан газ жеткізе бастады


Өзбекстан алты жылға созылған үзілістен соң алғаш рет Тәжікстанға газ жеткізе бастады. Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, көгілдір отын "Музрабад-Душанбе" магистралды газ құбырымен тасылады.

"Бүгін біздің халқымыз үшін қуанышты күн. Табиғи газ жеткізіле бастады. Екі мемлекет басшысының келісімі арқасында жүзеге асты", – деді "Тәжіктрансгаз" компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Шавкат Шоимов.

Көрші елден жеткізілген газ Тәжікстанның Турсунзада ауданын газбен толық қамтамасыз етеді. Бұл ауданда Тәжік алюминий компаниясы (ТАЛКО) орналасқан.

"Музрабад-Душанбе" газ құбырының екі желісі арқылы сағатына 125 мың текше метр газ тасылады. Болашақта шекараға жақын аудандарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. "Тәжіктрансгаз" өкілінің хабарлауынша, табиғи газ транзиті жөнінде "Өзтрансгаз" компаниясымен әріптестік орнату жоспарланған.

Тәжікстанға табиғи газ экспорттау жөніндегі келісімге Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің биыл наурыз айында көрші елге сапары кезінде қол қойылған. Құжатқа сәйкес, биыл шамамен 126 миллион текше метр газ жеткізіледі. Келісім құны - 15,1 млн доллар.

XS
SM
MD
LG