Ссылки доступа

Ресей СІМ Душанбені "Скрипаль ісінде" қолдағаны үшін алғыс білдірді


Сергей Лавров пен Сироджиддин Аслов, Мәскеу, 9 сәуір 2018 жыл. Фото ТАСС
Сергей Лавров пен Сироджиддин Аслов, Мәскеу, 9 сәуір 2018 жыл. Фото ТАСС

Ресей "Скрипаль ісінде" қолдау көрсеткені үшін Тәжікстанды жоғары бағалайды деп мәлімдеді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджидин Асловпен кездесуден кейін.

«Ұжымдық келісім шарт туралы ұйымға мүше басқа елдер секілді Тәжікстан Солсберидегі жағдайға байланысты қолдау көрсетті. 4 сәуірде Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның отырысында бірлескен мәлімдеме жасап, істі зерттеуде шынайылықты талап еттік. Біз өз кезегімізде Тәжікстанға әлемдік деңгейге көтерілу үшін қолдау көрсете береміз», - деді Сергей Лавров тәжік әріптесімен бірге өткізген баспасөз мәслихаты кезінде.

Бұрынғы ресейлік агент Сергей Скрипаль және қызы Юлия 4 наурызда Англияның оңтүстігіндегі Солсбериде ессіз күйінде табылған. 6 сәуірде Солсбери дәрігерлері 66 жастағы Сергей Скрипаль мен 33 жастағы Юлияның жағдайы жақсарып келеді деп мәлімдеді.

Британия Скрипаль отбасын әскери химиялық улы затпен өлтірмек болды деп Ресейді айыптайды. Бұл химиялық зат Совет Одағы кезінде "Новичок" деген атпен белгілі болған екен. Мәскеу болса, бұл іске еш қатысымыз жоқ дейді. Бұл оқиға Мәскеу мен Батыс елдері арасында дипломатиялық дағдарысты күшейте түсті.

XS
SM
MD
LG