Ссылки доступа

Түркия президенті "гүленшілер" мәселесін Қырғызстан басшысымен кездесуде көтерді


9 сәуірде президент Сооронбай Жээнбеков Анкараға ресми сапары кезінде Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Президенттер екі ел арасындағы әріптестік, сонымен бірге қырғыз-түрік қатынасының кейбір мәселелерін талқылады.

Инвестиция, ауыл шаруашылығы және азаматтарды әлеуметтік сақтандыру салаларындағы әріптестікке қатысты бірқатар келісімге қол қойылды. Бұған қоса президент Ердоған Түркітілдес елдер кеңесінің келесі саммиті Бішкекте өтетінін жариялады.

Екіжақты кездесуден кейінгі баспасөз конференциясында Режеп Тайып Ердоған: "Қырғызстан Түркия үшін ерекше ел", - деп мәлімдеді. Сонымен бірге Түркия президенті Анкараның 2016 жылы әскери төңкеріс жасауға талпынды деп айыптап отырған Фетхулла Гүлен қозғалысына қатысты шара қолдануға шақырды.

"2016 жылы төңкеріс жасау талпынысынан соң, біздің тығыз әріптестігіміз, өкінішке орай, түрлі қиыншылықтарға тап болды. ФЕТО өзінің ықпалына түскен адамдар арқылы біздің әріптестікті бұзуға талпынды. Президент Жээнбековтің бүгінгі сапары ФЕТО әрекеттеріне жауап болды. ФЕТО-ның елдегі және шетелдегі соңғы мүшесі жауапқа тартылмайынша, Түркия бұл қозғалысқа қарсы күресе береді. Олар біздің 551 қандасымызды өлтірді, тағы 29 отандасымыз солардың қолынан қаза тапты. Бұл ұйымның басшысын ұстау, қозғалыстың тамырын қырқу - біздің президенттік міндетіміз, өйткені бұл қозғалыс Түркияның ғана емес, Қырғызстанның қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Бұл ұйым Түркияда бүгін жасаған әрекетін ертең Қырғызстанда да жасайды. Бетпе-бет кездесуде осы мәселелер де талқыланды", - деді Ердоған.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков "гүленшілерге" қатысты сауалдарды айналып өтті.

Түркия билігі 2016 жылы әскери төңкеріс жасау талпынысынан соң Қырғызстаннан Фетхулла Гүленге қатысы бар делінетін оқу орындарын жабуын талап етті. Сол кезде ресми Бішкек "түрік білім мекемелері Қырғызстанға ешқандай қауіп төндірмейді" деп Анкараға қатаң жауап қатқан.

XS
SM
MD
LG