Ссылки доступа

Қырғыз омбудсмені: Өзбек шекарашысы қырғызстандықтың басынан атып, ол қаза тапты


Омбудсмен институты Жалал-Абад облысында Қырғызстан азаматын өзбекстандық шекарашылар атып өлтіргенін хабарлады.

Институттың Жалал-Абад облысы Мемлекеттік шекара қызметі басшысы Таалай Кожошевтің сөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 7 сәуірде сағат 7:30-да болған. Кербен қаласының 34 жастағы тұрғыны Фархад Мырзакулов Өзбекстан аумағында тұратын әпкесі Дилорам Бакиеваның үйіне қонаққа барған. Фархад Мырзакулов қайтып келе жатып, Өзбекстанмен шартты шекара саналатын арықтан аттаған, сол кезде Өзбекстан шекарашылары оны қуып жетіп, біреуі оған Қырғыз аумағында оқ атқан, сосын өз аумағына қарай тартып апармақ болған.

Оқ Фархад Мырзакуловтың басына тиген, ол сол жерде жан тапсырған. Марқұмның әпкесі шекарашылар оны тартып бара жатқанын көріп, айқайлап көмек шақырған. Оның даусын естіген екі қырғызстандық жүгіріп келген, шекарашылар оларға орындарынан қозғалатын болса, атып тастайтындарын айтқан. Басқа да ауыл әйелдері жиналып қалған соң, шекарашылар қашып кеткен, содан кейін ғана жаралыны ауруханаға апаруға мүмкіндік болған.

Оқиға орнынан екі гильза және бір оқ табылды. Екі елдің шекара қызметтерінің басшылары келіссөз өткізіп, шекара қызметінің полковнигі Таалай Кожошев көрші ел бірнеше рет заң бұзғанын айтқан. Аксый аудандық ішкі істер басқармасы "кісі өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұған дейін Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі жаралы ауруханада қаза тапты деп хабарлаған еді. Өзбекстан шекара қызметінің нұсқасы бойынша, ер кісі тоқта деген талапты тыңдамай, ескерту оғына құлақ аспай, жараланғанына қарамастан көрші елдің аумағында тығылып қалған.

XS
SM
MD
LG