Ссылки доступа

Тәжікстан мектептерінде ата-аналардан ақша жинау тағы басталды


Тәжікстанның Худжанд қаласында оқушылардың ата-аналарынан мектепті жөндеуге ақша жинау тағы басталды. Өткен жылы Тәжікстанның білім және ғылым министрлігі бұған тыйым салған еді.

Худжанд қаласының тұрғыны Мухайё Хакимованың хабарлауынша, мектеп директорлары ата-аналардан 50-ден 100 сомониге дейін ақша сұраған. "Менің балам оқитын сыныпты жөндеу жұмыстарына 70 сомони (шамамен 8 доллар) қажет екенін айтты. Бұған қоса, ата-аналар ай сайын мектепті жөндеуге 10 сомониден беріп отыруы керек", - деді ол.

Мектеп директоры болса ата-аналардан ақша жинауға мәжбүр екенін айтты. "Биыл мектеп жөндеуге 53 мың сомони (шамамен 6 мың доллар) бөлінген. Бұл қаражат электр қуаты, су, қоқыс шығару ақысына, компьютер сатып алуға және мектеп парталарын қалпына келтіруге жұмсалды. Бар болғаны 3 мың сомони қалды, бұл ақшаға мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес", - деді Худжанд қаласындағы №30 мектеп директоры Абдурасул Кадыров.

Оның әріптесі, №8 мектеп директоры Хайриннисо Иброхимованың айтуынша, жақында олар жергілікті биліктен хат алған, онда мектепті жергілікті кәсіпкерлер мен оқушылардың ата-аналары есебінен жөндеуге кеңес берілген.

Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі ​Эхсон Сафарзоданың 12 сәуірде хабарлауынша, өткен жылы жазда министрлік ата-аналардан "заңсыз ақша жинауға" тыйым салған. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының қосымша сабақтарына ғана ақша төлейді.

XS
SM
MD
LG