Ссылки доступа

Түркіменстанда "денсаулық айында" алкоголь мен темекі сатуға тыйым салынбады


Әдетте Ашхабад билігі "денсаулық айы" қарсаңында дүкендерді аралап, алкоголь сусындары мен темекі бұйымдарын сатуға болмайтынын ескертетін. Бұл жолы аталған бұйымдарды мемлекеттік дүкендерде сатуға рұқсат берілген.

Жыл сайын 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі. Соған байланысты Түркіменстанда соңғы бірнеше жыл бойы сәуірді "денсаулық айы" деп жариялап келеді.

"Өткен жылдарға қарағанда, биыл мемлекеттік дүкендерде спирттік ішімдіктер, аптасына екі-үш рет темекі сатылып жатыр. Темекі бағасы қымбат болғанына қарамастан, халық оны сатып алады, өйткені жекеменшік сауда нүктелерінде оның бағасы екі есе жоғары", - деді Түркіменстан астанасындағы шолушы Аманмұрат Бугаев.

Оның айтуынша, "денсаулық айында" темекі бағасы 15-20 пайызға қымбаттап кетеді.

"Мемлекеттік дүкендерде ең арзан темекі ​25 манат (шамамен 7 доллар) болса, жекеменшік дүкенде ол 45-50 манат тұрады. Бірақ "денсаулық айы" басталып, баға 15-20 пайызға, 50-60 манатқа қымбаттады", - деді Бугаев.

"Мемлекеттік дүкендердің өз жоспары бар, оны орындау керек. Ал спирттік ішімдіктер мен темекіге сұраныс жоғары. Сол себепті бұл тауарларды саудадан алмаған", - деп түсіндірді Ашхабадтағы шолушы.

XS
SM
MD
LG