Ссылки доступа

Тәжікстан журналист Мирсаидовтың ісін саясиландырмауын сұрады


Хайрулло Мирсаидов
Хайрулло Мирсаидов

Тәжікстан ЕҚЫҰ-дағы АҚШ миссиясы өкілінің КВН-нен Тәжікстан құрамасының жетекшісі Хайрулло Мирсаидовты қылмыстық қудалауға қатысты мәлімдемесіне жауап берді.

"Мирсаидовтың қылмыстық ісінде саяси астар жоқ, іс алаяқтық әрекет негізінде қозғалған", делінген ЕҚЫҰ жанындағы Тәжікстан өкілдігінің ресми мәлімдемесінде.

Өкілдік мәліметінше, "Тәжікстан құрамасы" КВН командасы заңсыз жасақталған және мемлекеттік құрылымдарда тіркелмеген.

"Мирсаидов 2014-2017 жылдары командаға 976 мың сомони (110 мың доллар) жұмсаған. Бұл қаражаттан, тергеу мәліметі бойынша, 300 мың сомони "жоғалып" кеткен. Мирсаидов 76 мың сомониді иемденген, қалған ақша мақсатсыз жұмсалған", делінген ЕҚЫҰ-ның Тәжікстандағы өкілдігі таратқан мәлімдемеде.

Сәуір айының басында Хайрулло Мирсаидовтың қылмыстық ісін тергеу тағы екі айға созылды. Содан кейін АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы миссиясы басшысының орынбасары қызметін уақытша атқарушы Мишель Сайдерс Тәжікстанды Мирсаидов ісін "тез арада тергеуге және қорғауға қажетті процессуалдық шаралардың барлығын қамтамасыз етуге, сонымен бірге адамдардың көзқарасын еркін айта білуді қамтамасыз етудегі жауапкершілікті толықтай орындауға" шақырды.

Хайрулло Мирсаидов 2017 жылы 5 желтоқсанда ұсталды. Үш күннен соң оған "қаражатты заңсыз иемдену және жарату", "ұлттық және нәсілшілдік, діни араздық туғызу", "жалған құжаттар дайындау", "әдейі жала жабу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәжік КВН командасының капитанына 10 жыл түрме қауіпі туып тұр.

Хайрулло Мирсаидов Соғды облысының жастар және спорт жөніндегі басқармасының бұрынғы басшысы Олим Зохидзоданы пара алды деп айыптаған соң ұсталды. Қазір тергеу органдары тәжік КВН командасының бюджет қаражатын қалай жаратқанын және Ресейде көрсеткен ойындарының мазмұнын тексеріп жатыр.

XS
SM
MD
LG