Ссылки доступа

"Ресей экспорт орталығы" Өзбекстандағы АЭС құрылысын қаржыландыруы мүмкін


"Ресей экспорт орталығы" Өзбекстан үкіметімен атом электр станциясы құрылысына қаржы бөлу мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары РЭО-ның Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Дмитрий Прохоренкоға сілтеме жасап хабарлады.

"Бұл мәселе талқыланып жатыр. Біздің мақсат – тауарлар мен қызметтерді экспорттауға қолдау көрсету, соның ішінде жоғары технологияны экспорттау. Үкімет тапсырмаларының бірі осындай. Әлбетте, қызықты әрі болашағы бар жоба ретінде, АЭС құрылысын біз арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастырамыз", - деді Прохоренко алғашқы Expo-Russia Uzbekistan 2018 өнеркәсіп көрмесінде.

Еске салайық, Өзбекстан президенті өткен аптада аймақтағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы туралы Ресеймен келісім жыл соңына дейін қабылданатынын мәлімдеген.

Ресей Өзбекстанда "3+" буынына жататын озық үлгідегі екі блокты ВВЭР-1200 станциясын салуды ұсынып отыр. Осыған ұқсас станцияны "Росатом" Бангладеште тұрғызып жатыр. Оның құны 13 млрд доллар. Қаражаттың 11,3 миллиардын Ресей мемлекеттік несие экспортымен береді.

Хабарларға қарағанда, Ресей Өзбекстанға жобаны қаржыландырудың бірнеше нұсқасын ұсынуға әзір. Өткен жылдың соңында Өзбекстан мен Ресей үкіметтері атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге отырған еді.

XS
SM
MD
LG