Ссылки доступа

Қырғызстан: ЖЭС апатын тексеретін комиссия бұрынғы премьерлердің әрекетіне баға береді


Қырғызстан парламентіндегі Бішкек жылу электр станциясындағы (ЖЭС) апат себебі мен нысанды жөндеуге бөлінген қаржының орнымен жұмсалғанын тексеретін комиссия бұрынғы премьерлердің заң бұзған-бұзбағанын да қоса қарайды. Бұл жайында Азаттықтың Қырғыз редакциясына комиссия мүшесі Исхак Масалиев хабарлады.

Оның айтуынша, ЖЭС-ті жетілдіру жөніндегі келіссөз Алмазбек Атамбаев премьер-министр болып тұрған кезде басталған. Оны Омурбек Бабанов жалғастырып, Жанторо Сатыбалдиевтің премьерлігі тұсында келісім қабылданған.

Оторбаев үкіметі тұсында ЖЭС-ті жетілдіру жұмыстары басталса, Темір Сариевтің премьерлігі тұсында жалғасқан. ЖЭС-ті жөндеу жұмыстары үкіметті Сооронбай Жээнбеков басқарған тұста аяқталған.

"Олардың да бұған қатысы бар. Комиссия кінәліні атамайды. Оны тиісті органдар анықтайды. Біз саяси бағасын ғана береміз", - деді Масалиев.

Депутаттық комиссия жұмыс қорытындысын мамыр айында жариялауы мүмкін. Биыл 26 қаңтарда ЖЭС-те апат болып, астанадағы мемлекеттік мекемелер мен көптеген тұрғын үйлер жылусыз қалды. 30 қаңтарда Бас прокуратура апатқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

XS
SM
MD
LG