Ссылки доступа

Тәжікстанда азаматтардың қажылыққа бару құны көтерілді


Тәжікстан үкіметінің дін істері және салт-дәстүрлерді тәртіпке келтіру жөніндегі комитеті 2018 жылғы қажылық бағасын анықтады. Биыл Мекке мен Мединеге құлшылық етуге баратындар 33 мың 410 сомони (шамамен 3720$) төлеуі тиіс.

Өткен жылы тәжік азаматтары шамамен 33 мың сомони (3670$) төлеген еді. Екі жыл бұрын Тәжікстанда қажылық сапар 28 мың 649 сомони болған.

Дін істері жөніндегі комитет мәліметі бойынша, қажылыққа бару құнына әуе жолы, медициналық сақтандыру, тамақ, Мекке мен Мединеде қонақ үй бағасы, гид қызметі және құрбандыққа шалынатын мал құны кіреді. Бұған қоса қажылыққа баратындар чемодан және қол сөмкесін, қасиетті Зәм-Зәм суға арналған бес литрлік құты алады.

Хабарларға қарағанда, қажылыққа сапар бағасы қызмет көрсетуші компания бағасына байланысты қымбаттаған.

Биыл қажылыққа барлығы бірдей бара алмайды. Хабарларға қарағанда, жағдайы жоқ отбасылардың мүшелеріне қажылыққа баруға рұқсат бермеуі мүмкін. Бұған дейін билік қырыққа толмағандарға қажылыққа баруға рұқсат бермей қойған. Дін істері жөніндегі комитет қажылыққа қарт кісілерді жіберген жөн деп есептейді.

Жыл сайын Тәжікстанда қажылыққа алты мыңнан астам адам қажылыққа барады.

XS
SM
MD
LG