Ссылки доступа

Қаламқас кенішінің жұмысшылары наразылықты тоқтатты


"Маңғыстаумұнайгаздың" мердігер мекемесі "КазпромЛогистик" компаниясының құбыр жөндеушілер қайта жұмысқа шыққан. Бұл туралы Азаттыққа "КазПромЛогистик" жұмысшысы хабарлады.

- Мәселеміз шешілді, жалақымызды 25 пайызға көтерді, - деді кеніш жұмысшысы.

Мамырдың 7-сі күні "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының мердігері "КазпромЛогистик" мекемесінің мұнай құбырын жөндеумен айналысатын жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартып, еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыларын 200 мың теңгеге дейін өсіруді талап еткен еді. Олар "КазПромЛогистик" компаниясы басшылары талабын орындамайынша жұмысқа шықпайтындарын айтқан еді.

Жұмысшылардың айтуынша, 7 мамырда түс ауа Қаламқас кенішіне "КазПромЛогистик" компаниясы басшылығы, прокуратура және басқа да құқық қорғау орындары өкілдері келіп, талаптарын тыңдаған.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы демалысқа байланысты жұмысшылардың талаптарының орындалғанына қатысты компаниядан, Маңғыстау облыстық прокуратурасынан жауап ала алмады. Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай мамырдың 7-9-ы күндері ресми түрде демалыс деп жарияланған.

"КазПромЛогистик" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - 2011 жылы құрылған "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына мұнай және газ өндіруде техникалық қызмет көрсететін жеке меншік мекеме.

Маңғыстау облысындағы Бозащы түбегіндегі Қаламқас кенішін игерумен аймақтағы аса ірі мұнайгаз өндіруші компания "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы айналысады.

XS
SM
MD
LG