Ссылки доступа

"Тәжік еңбек мигранттары" қозғалысының бұрынғы басшысы азаматтық үшін соттасып жатыр


Каромат Шарипов

Душанбе қаласындағы Исмоили Сомони аудандық сотында сейсенбі күні "Тәжік еңбек мигранттары" қозғалысының бұрынғы басшысы Каромат Шариповтың Тәжікстан ішкі істер министрлігіне шағымы бойынша сот басталды.

Каромат Шарипов Тәжікстанның құқыққорғау органын Ресейге оның азаматтығы туралы жалған ақпарат берген деп айыптады. 2017 жылдың аяғында оны Ресейден жергілікті заңдарды бұзғаны үшін, соның ішінде РФ азаматы төлқұжатын заңсыз алғаны үшін шығарып жіберген.

Шариповтың айтуынша, Тәжікстан ІІМ өткен жылдың қазан айында Ресейге "Каромат Шарипов ел азаматы" деген анықтама берген. "Бұл барып тұрған өтірік. Менің жеке басымның куәлігін анықтайтын жалғыз құжат - КСРО Қарулы күштері офицерінің, кейін - Ресейдің Қарулы күштерінің офицерінің куәлігі", - деп мәлімдеген Шарипов.

Сот отырысына Тәжікстан ІІМ және СІМ өкілдері қатысты. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің өкілі Гайратжон Шариповтың айтуынша, Тәжікстан азаматтығы ел азаматтығынан шығу туралы өтініш тапсырмайынша сақталады. Ал мұндай арызды Каромат Шарипов өткізбеген, деді министрлік өкілі.

Еске салайық, Каромат Шарипов өткен жылы 13 желтоқсанда Тәжікстанға Мәскеу-Куляб рейсімен жеткізілген, бір күн бұрын Мәскеу облыстық соты оны Ресей азаматтығын заңсыз алғаны үшін кінәлі деп таныған.

Каромат Шарипов 1963 жылы Тәжікстанның Файзабад ауданында дүниеге келген. 2007 жылы ол Ресейде Тәжікстан халықтарының алғашқы съезін шақыруға мұрындық болды. Съезд жұмысы барысында "Тәжік еңбек мигранттары" қоғамдық қозғалысы құрылып, Шарипов оның төрағасы болып сайланды. Ал 2016 жылы Ресейдің Жоғарғы соты "Тәжік еңбек мигранттары" қозғалысын жойды.

XS
SM
MD
LG