Ссылки доступа

RFE/RL: Ачиловаға жасаған шабуыл Ашхабадтың сөз бостандығы туралы мәлімдемесін теріске шығарады


Азат Еуропа / Азаттық радиосы (RFE/RL) медиакорпорациясының президенті Томас Кент Түркіменстан сыртқы істер вице-министрінің Женевада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі отырысында жасаған мәлімдемесін "ашу келтіретін және намысқа тиетін" деп атады.

Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев 7 мамырда Кеңестегі тыңдауда "Азатлык радиосы (Азаттық радиосының түркімен қызметі) тілшілерінің елде кедергісіз жұмыс үстеуі" Түркіменстанда сөз бостандығын шектемейтіндігін білдіреді деп мәлімдеген.

Осы мәлімдемеден екі күннен соң Азатлык радиосының тілшісі Солтан Ачиловаға тағы да шабуыл жасалды.

68 жастағы Ачилова 9 мамыр күні таңертең қала сыртындағы Мәңгілік алау ескерткіш кешеніндегі гүл қою рәсімін суретке түсіруге шыққан.

Оның айтуынша, адамдармен бірге ескерткіш орналасқан көкке шығып бара жатқан тілшіні қара костюм киген бірнеше адам тоқтатып, мұнда не істеп жүргенін сұраған. Ол Жеңіс күні туралы репортаж дайындауға келгенін түсіндіре бастағанда, ер азаматтар әйелді ұстап, балағаттаған.

Ачилованың айтуынша, қара киім кигендер оған суреттердің көзін жоймаған жағдайда, есірткі үшін қамауға аламыз деп қорқытқан. Тілші бұл талапты орындаудан бас тартқан соң, бір топ адам оның камерасын күшпен тартып алып, суреттерді жойып жіберген. Журналистен Азатлык радиосында жұмыс істеуден бас тартуын талап етіп, тағы екі сағаттай ұстап тұрған. Одан соң босатқан.

Солтан Ачилова Түркіменстанда бұған дейін де бірнеше мәрте қысымға ұшырады. Өткен жылы маусым айында оған екі мәрте шабуыл жасалған.

"2014 және 2016 жылдар аралығында біздің алты журналист мемлекеттің қорқытып-үркіту науқаны салдарынан жұмыстарын тастап кетуге мәжбүр болды", - деді Кент.

Азатлык радиосының тағы бір тілшісі Сапармамед Непескулиев 2015 жылыдң маусымынан бері "есірткіге қатысты іс" бойынша үш жыл түрме жазасын өтеп жатыр. Журналистің әріптестері оған қарсы істі қолдан ұйымдастырған деп есептейді.

XS
SM
MD
LG