Ссылки доступа

Донбастағы атыстан жеті украиналық жауынгер жараланды


Донбастағы әскери ұрыс аймағында 17 мамырда жеті украиналық жауынгер жараланды. Бұл туралы біріккен күштердің операция жүргізу штабы хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, ресейшіл жікшілдер кем дегенде 60 мәрте оқ атпау тәртібін бұзған, бұдан қалды артиллерия және миномет қолданған.

Штабтың хабарлауынша, жікшілдер Луганск облысындағы Троицк ауылында атыс бастаған, соның салдарынан кем дегенде екі бейбіт тұрғын оққа ұшты.

Жікшілдер болса оқ атпау тәртібін украиналық жауынгерлер бұзды деп отыр. "ДХР" мәліметі бойынша, украиналық жауынгерлер Донецк фильтрлеу станциясына жақын маңда атыс бастаған, соның салдарынан кәсіпорын жұмысы тоқтады.

Бүгін Донбаста жікшілдердің "Пятнашка" батальонының дала командирі Олег Мамиев (лақаб аты "Мамай") өлтірілгені белгілі болды. Ол Авдеевк түбінде ауыр жараланып, ауруханада ота жасау көзінде қайтыс болған, деп хабарлады "Новороссия" басылымы. Бұл ақпаратты "ДХР" жікшілдері сапында соғысып жүрген ресейлік жазушы Захар Прилепин растады.

Донбастағы қарулы жанжал 2014 жылы көктемде Ресейдің Қырымды аннексиялауынан соң басталды. Украина мен Батыс қарулы жікшілдерге қолдау көрсеткені үшін Ресейді айыптады. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. БҰҰ мәліметі бойынша, жанжал басталған уақыттан бері 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG