Ссылки доступа

Футболдан әлем кубогы алдында жүздеген тәжік мигранты Ресейден кеткен


Ресейлік құқық қорғаушылар мамыр айынан бері фуболдан әлем чемпионаты (ӘЧ) басталар алдында, 300-ге тарта тәжік мигранты Ресейден өз еріктерімен кетті деп мәлімдеді.

Мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымның қызметкері Каримджон Ёров 300-ге жуық тәжік азаматы Ресейден кетер алдында, өзіне келіп, кеңес сұрағанын айтады.

Оның сөзінше, бірқатар ресейлік кәсіпорындар ӘЧ-2018 алдында жұмыс күшін уақытша таратып жіберген. Ал кейбіреуінің патент мерзімі біткен, создыра алмаған. Олар өздерін күштеп депортациялап жібереді ме деп қорқып, өз еріктерімен отанына кеткен.

«Қазір тексеру жиілеп кетті. Күніне кемінде 15 адам хабарласып, мигранттардың ұсталғаны жайында хабар беріп жатады. Сол үшін де жұмыс берушілер шетелден келген жұмысшыларды уақытша босатқан», - дейді Ёров.

Футболдан әлем чемпионаты биыл 14 маусым мен 15 шілде аралығында Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов-на-Дону, Самара, Саранск және Сочи қалаларында өтеді. Бұл қалалардың бәрінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Тәжікстан билігі азаматтарынан аталған мерзімде Ресейдің 11 қаласына баруды шектеуін сұраған.

XS
SM
MD
LG