Ссылки доступа

Түркіменстанда қара базарда доллар бағамы рекордтық көрсеткішке жетті


Түркіменстанның қара базарында АҚШ долларының бағамы рекордтық деңгейге жеткен. 1 америкалық долларды Дашогуз уәлаятындағы базарда 4 маусымда 29 манатқа сатқан.

Азатлык дереккөзінің хабарлауынша, қара базардағы доллар бағамы түске дейін төмен түскен де, түстен кейін бірден көтеріп жіберген.

«Таңертең Дашогуздың "Бай Базарында" доллар арзандай бастады. Кейін белгілі болғандай бұл саудагерлердің долларды арзанға сатып алу үшін әдейі жасаған айлалары болған. Халық долларды арзан баға бойынша кері қайтаруды талап етті», - деп хабарлады Азатлык дереккөзі.

Азатлыктың Ашхабадтағы тілшісі де астана базарында 1 доллар 24,5-24,8 манаттан сатылып жатыр дейді.

«Долларды сатып алу қиын. Себебі, сатушылар қазір аумалы-төкпелі жағдайда долларды сату тиімсіз дейді», - деп хабарлайды шолушы Аманмурад Бугаев.

Оның сөзінше, әдетте түркімен жастары шетелге оқуға кетер алдында елде доллар бағамы қымбаттайды. Сондықтан алдағы уақытта да америкалық валюта тағы қымбаттауы мүмкін.

Түркіменстанның Орталық банкі 2016 жылдың басында бір доллар бағамын 3,5 манатқа белгілеген. Бірақ валюта айырбастауға тыйым салған. Қазір де сол екі жыл бұрынғы ресми бағам сақталып тұр.

XS
SM
MD
LG