Ссылки доступа

Бішкек Тұңғышбаевқа босқын мәртебесін беруді қарастырып жатыр


Қырғызстанның миграция қызметі қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевқа босқын мәртебесін беру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.

Миграциялық қызметтің репатрианттар және босқындармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жыпара Мамбетованың айтуынша, қамаудағы белсендінің өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарау процесі бір жылға дейін созылуы мүмкін.

10 мамыр күні Қырғызстан арнайы қызметінің өкілдері Тұңғышбаевты тұрғылықты жерінен ұстап әкеткен. Туыстарының айтуынша, Тұңғышбаев 2014 жылдан бері Қырғызстанда тұрады. Ол тұрған пәтерде тінту болған. Кейін Тұңғышбаевтың Қазақстан тарабының сұрауымен ұсталғаны белгілі болған. Бішкектің Первомай аудандық соты Тұңғышбаевты екі айға қамау туралы шешім шығарып, апелляция соты оны күшінде қалдырған.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауды мақұлдаған. Қазақстанда белсендіге "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" және сот экстремистік деп таныған ұйымның қызметіне қатысты" деген айып тағылған.

Мұратбек Тұңғышбаевтың адвокаты Бішкекте прокуратураның оны Қазақстанға беру туралы шешіміне шағымданған. Шағым 6 маусымда қаралады деп жоспарланған.

Мұратбек Тұңғышбаевтың өзі азаматтық белсенділік танытқаны үшін қуғындалып жатқанын, қылмыстық істің саяси астары барын айтады және Қазақстан билігі өзіне қысым жасауы мүмкін деп жорамалдайды.

29 мамыр күні Тұңғышбаев құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастықты өзін экстрадициялауға жол бермеуге шақырған. 31 мамырда Тұңғышбаевтың анасы Алматыдағы Қырғызстан елшілігіне ұлын Қазақстанға қайтармауды сұрап, хат тапсырған.

XS
SM
MD
LG