Ссылки доступа

Өзбекстанда экс-бас прокурор Рашид Кадыров ісі бойынша 24 адамға айып тағылды


15 жыл бойында Өзбекстанның бас прокуроры болған Рашид Кадыровқа ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды.
15 жыл бойында Өзбекстанның бас прокуроры болған Рашид Кадыровқа ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды.

Өзбекстанның бас прокуратурасы журналистерге арнайы брифинг өткізіп, бұрынғы бас прокурор Рашид Кадыровтың ісіне байланысты 24 адамға айып тағылып, оның 21-і қамауға алынды деп мәлімдеді.

«Өзбекстанның бас прокуратурасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы экс-бас прокурор Рашид Кадыровқа қатысты істі тергеп жатыр. Тергеу барысында бас прокурорға қызметке тағайындалу үшін пара беріп келгені, шенді қызметкерлердің пара алғаны және өзге де қылмыстар анықталды. Қазіргі уақытта 24 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, олардың 21-і қамауға алынды. Тергеу ісі жалғасып жатыр. Істі сотқа берер алдында БАҚ өкілдеріне толық ақпарат береміз», – деді бас прокуратура өкілі Мансұр Оралов.

Өзбекстанның экс-бас прокуроры Рашид Кадыров 22 ақпанда Ташкентте ұсталған. Кейін ІІМ дереккөзі оған қарсы "Қызметін асыра пайдалану", "Пара алу" және "Бопсалау" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.

20 наурызда Ташкентте бір күн ішінде Рашид Кадыров ісі бойынша 25 адам ұсталғанын хабарлаған. Олардың бәрі – прокуратура, арнайы қызмет және салық инспекциясының қызметкерлері.

Тергеу абақтысындағы дереккөздер Рашид Кадыров қазіргі кезде үкіметтегі жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы, тіптен өзінің туған ұлы Алишер Кадыровқа қарсы куәлік етіп жатқанын хабарлаған. 66 жастағы Кадыров Ислам Каримов тұсында оның ең сенімді адамдарының бірі болды. Ол 2000 жылдан 2015 жылдың сәуір айына дейін Өзбекстанның бас прокуроры қызметін атқарды.

2018 жылдың 5 наурызында Өзбекстан ІІМ Кадыровтың 39 жастағы ұлы Алишер Кадыровқа "Алаяқтық", "Бопсалау" істері бойынша халықаралық іздеу жариялады. Бүгінгі күні экс-бас прокурор Кадыров пен оның ұлына жалпы көлемі бір жарым миллиард АҚШ доллар шамасында шығын келтірген деген арыз жазылған.

XS
SM
MD
LG