Ссылки доступа

Тәжікстанда елге оралған мигранттарды медициналық тексеруден өткізу ұсынылды


Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек және миграция министрлігі әуежайда, темір жолда және шекара бекеттерінде медициналық тексеру орындарын ашуға әрекет жасап жатыр.

Бұл жөнінде еңбек және миграция министрлігінің өкілі Усмонали Латифи мәлімдеді.

Аталған министрлік елге оралған мигранттар тек тиісті медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана үйіне бару керек деп есептейді. Тек осылайша ВИЧ, құрт ауруы секілді қатерлі инфекциялық аурудың алдын алуға болады дейді. Шенеуніктің сөзінше, медициналық тексеру тегін болады.

2000 жылдан бері Тәжікстанда әйелдер арасында ВИЧ індетін жұқтырғандар саны көбейген. Олардың дені Ресейден жұмыс істеп оралған күйеулерінен жұқтырған. 2012 жылы ВИЧ-ке тест тапсырған әйелдердің мыңнан астамында оң көрсеткіш берген.

Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта елде 7 мыңнан астам ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам бар. Олардың ішінде мигранттар 14,9 пайызды құрайды.

Мәскеуде тұратын танымал тәжік дәрігері Абдулло Давлатов мигранттарды елге кіреберісте шекарада тексеру дұрыс шешім деп есептейді. Бірақ өте көп қаржыны талап етеді дейді.

XS
SM
MD
LG