Ссылки доступа

Душанбе мен Бішкек шекарада бейбітшілік сақтауға уағдаласты


Тәжік және қырғыз шекарашылары 6 маусымда Соғды облысының Бустон қаласында бас қосты. Бұның алдында ғана, 4 маусымда Баткен облысының шекарасында жанжал болған еді.

Соның салдарынан қырғыз шекарашылары әуеге оқ атқан тәжік шекарашыларын ұстап алып кетті. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі ұсталған шекарашыларды айыптап отыр.

Қырғыз шекара қызметінің 7 маусымда хабарлауынша, кездесуге Баткен және Соғды облыстарының шекарашылары, басқару органы басшылары қатысты. Қырғызстан делегациясын Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы полковник Уларбек Шаршеев бастап барды. Тәжікстан шекарашылары делегациясын шекара әскерінің қолбасшысы генерал-полковник Раджабали Рахмонали бастады.

"Делегация басшылары қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасында тіркелген жағдайды шешу жолдарын талқылады", - делінген хабарламада.

Шекарада жанжал шыққан жағдайда оқ атуға тыйым салынады. Шекарашылар екі елдің заңдарына сай әрекет етуі тиіс.

Дереккөз мәліметіне қарағанда, қырғыз шекарашылары ұстаған тәжік азаматтарын қазір Соғды облысының әскери прокуратурасы тергеп жатыр.

XS
SM
MD
LG