Ссылки доступа

Назарбаев Қытай басшысымен кездесуде диалогты жалғастыруға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 7 маусымда Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесіп, екі ел қарым-қатынасының даму қарқыны жақсы екенін айтты, диалогты жалғастыруға шақырды.

Қазақстанның Қытаймен арадағы сауда айналымы былтыр 30 пайызға артып, 11 миллиард долларға жетті.

Ақорданың хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Си Цзиньпин энергетика, мұнай-газ кешені және жаңа технологиялар салаларында екіжақты ынтымақтасты күшейтуге және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айтты. Қытай тарапы сонымен қатар Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға да қызығушылық танытты.

Кездесуде Назарбаев 2012 жылдан бері Қытай басшыларымен жоғары деңгейде 18 кездесу болғанын, осы уақыт ішінде жалпы көлемі 67 миллиард доллардың екіжақты 127 құжатына қол қойылғанын айтты.

Кездесуде екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, Қытайдың Қазақстанға жеңілдетілген несие беруі туралы келісім жобасына, ядролық, радиоактивтік материалдар мен радиоактивтік қалдықтар және радиациялық қауіпті заттарды заңсыз тасымалдаудың алдын алудағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның инвестиция және даму министрлігі мен Қытайдың даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында индустриализация және инвестиция саласындағы бірлескен жобалар тізімін бекіту жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде сонымен бірге Қытай премьер-министрі Ли Кэцянмен де кездесіп, энергетика, транспорт және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Назарбаев 6 маусымнан бері Қытайда мемлекеттік сапармен жүр. Президент 9-10 маусым күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының Қытайдың Циндао қаласында өтетін саммитіне де қатысады.

XS
SM
MD
LG