Ссылки доступа

Екі тәжік жасөспірімі Ирактан отанына оралды


Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі кәмелет жасқа толмаған екі азаматтың Ирактан оралғанын хабарлады. Олар Душанбеге 28 маусымда таңертең жеткен.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ирактың мемлекеттік құрылымдарымен бірге жасалған жұмыстың арқасында екі азаматты елге қайтару мүмкін болды. "Сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның Кувейттегі елшілігі арқылы Ирак СІМ-і мен елдің басқа да құрылымдарымен байланыс орнатқан", делінген тәжік министрлігінің 29 маусымда таратқан хабарламасында.

Бірақ тәжік үкіметі елге оралғандардың аты-жөндерін атаудан бас тартты. Бұл ретте министрлік бала құқығын қорғауға және мәселенің этикалық жағына сүйенген.

Бұған дейін Тәжікстан үкіметіндегі дереккөз хабарлағандай, Бағдадтағы сот 27 маусымда кәмелет жасқа толмаған тәжік қызы мен оның жақында ғана туған нәрестесін елге оралуға рұқсат берген. Сот мәжілісіне тәжік дипломаттары да қатысқан. Сол кезде жас ана Душанбе қаласына 28 маусымда оралады деп хабарланған. Сәуір айында Ирактан тәжік астанасына оның ағалары мен әпкесі оралған, бірақ сол кезде жүкті әйелді ұшаққа отырғызуға рұқсат бермеген.

Бұл уақытта Ирактағы он жетім баланың аты-жөні анықталды, деп хабарлады Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі. Бұл елде 20-25 тәжік баласы бар, олардың ата-аналары соғыс кезінде қаза тапқан. Ирак соты жақында Тәжікстанның 13 азаматына қатысты үкім шығаруы тиіс. 12 әйел мен бір ер азаматқа "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен байланыста болды деген айып тағылған.

XS
SM
MD
LG