Ссылки доступа

Өзбек және тәжік мигранттарының төбелесінен екі кісі жараланды (видео)


26 маусымда Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Выборгск ауданындағы құрылыс нысанында мигранттар төбелесіп қалды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, соның салдарынан екі адам ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті. Дегенмен құрылыс компаниясы төбелестен кісі жараланғаны туралы мәліметті жоққа шығарды.

26 маусымда Санкт-Петербургтің Выборгск ауданындағы "Северная долина" тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанында жаппай төбелес болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, түскі сағат бірлер шамасында басталған жаппай төбелеске негізінен Өзбекстан мен Тәжікстанның еңбек мигранттары қатысқан. "Фонтанка" басылымының мәліметі бойынша, жанжал мердігер ұйымның бірнеше жұмысшысы арасында тұрмыстық келіспеушіліктен шыққан.

Видеода шамамен жүз жұмысшы-мигрант құрылысы бітпеген нысанда қашып бара жатқаны, екінші бір топ олардың артынан қуып, таспен атқылағаны түсірілген. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, төбелес кезінде мигранттар тас пен арматура қолданған.

Кейін 18 жастағы тәжік азаматы ауыр жағдайда Елизавета ауруханасына түскен. Дәрігерлер оның басына, денесіне, аяқ-қолдарына зақым келгенін айтты. Онымен бірге ауруханаға Өзбекстанның 37 жастағы азаматы жеткізілді. Оның тізесі зақымданып, құлағы жыртылған. Өзбек мигрантының жағдайы бірқалыпты деп бағаланды.

Сол күні кешке полиция бөліміне төбелеске қатысқан 30 адам жеткізілді, олардың 26-ы - Өзбекстан, екеуі - Тәжікстан, біреуі - Әзірбайжан азаматы. Выборгск аудандық полициясының хабарлауынша, 19 адам "Ресей Федерациясына кіру немесе жүріп-тұру тәртібін бұзғаны" үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Тағы 11 адамға кіші-гірім бұзақылық үшін іс қозғалды", - деп хабарлады полиция қызметкері.

Дереккөз мәліметі бойынша, жанжалға мердігер ұйымның жұмысшы-мигранттардың жалақысын кешіктіруі себеп болған. Дереккөздің айтуынша, мигранттар арасындағы төбелес жұмысшылардың бір тобының жұмысты тоқтатып, "ереуіл" бастағанын жариялаған уақытта басталған.

"Наразылық акциясын жақтаушылар құрылыс нысанынан сол күні жұмысқа шыққысы келгендерді тас пен арматураның көмегімен қуа бастады", - деді дереккөз.

"Северная Долина" тұрғын үй кешенін салып жатқан "Главстрой-СПб" компаниясының өкілі Александра Гольцман жаппай төбелес болғанын растады, бірақ ол компания жараланғандар туралы мәлімет алмағанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG