Ссылки доступа

Өзбекстанда 15 жыл бұрын қайтыс болған әйелден коммуналдық төлем талап еткен


Өзбекстанның Мәжбүрлеп орындату бюросы Наманган облысында тұрған Мархабат Эшматоваға электр және табиғи газ үшін қарызды төлеу жөнінде ескерту қағазын жіберген. Бірақ Эшматованың туыстарының айтуынша, әйел он бес жыл бұрын өмірден озған.

Мәжбүрлеп орындату бюросының ескерту қағазында Мархабат Эшматованың қарызы 86.120 сум (11 доллар шамасында) екені жазылған.

Мархабат Эшматованың туыстарының бірінің айтуынша, ол он бес жыл бұрын, 2003 жылы ауырып қайтыс болған. Оның күйеуі әйелінен бұрын өмірден өткен. "Біз олардың үш қызын тәрбиелеуге алдық. Оның үйі сатылып кеткен. Қазір басқа адамдар тұрады. Бірақ он бес жыл өткеннен кейін, коммуналдық қарыз бар деп, ескерту қағаз келіп тұр. Біз тиісті жерге барып түсіндірген едік, "қарызды төлеңдер, соншалықты көп ақша емес ғой" деп талап етіп жатыр», – дейді марқұм Мархабат Эшматованың туысы.

Мәжбүрлеп орындату бюросының аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкері қарызға байланысты мекеме тарапынан қате кетуі мүмкін дейді.

Мәжбүрлеп орындату бюросы Өзбекстанның Бас прокуратура жанынан президенттің жарлығы бойынша, былтыр мамыр айында құрылған. Бұл мекеме коммуналдық төлемдердің дер кезінде төленуін қадағалайды.

XS
SM
MD
LG