Ссылки доступа

Астанада аштық жариялаған үлескерлерді полиция ұстап әкетті (видео)


Астанада "Комсомол" тұрғын үй кешені құрылысы жанында пәтерлерін салып бітіруді талап етіп, аштық акциясын бастаған үлескерлерді полиция күштеп ұстап алып кетті.

Астанада проблемалы тұрғын үй құрылысының үлескерлері салушылардың іс-әрекетіне келіспейтінін білдіріп, аштық жарияламақ болған. Олардың сөздерінше, осыған дейін «Азбука жилья» компаниясы салып бастап, аяқталмай қалған «Комсомольский» тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастыру үшін «Орда инжиниринг» компаниясына берген. Бірақ бұл компания да құрылысты аяқтауға асықпайды дейді үлескерлер.

Оқиға орнынан:

Үлескерлер үш-төрт шатыр тігіп, орныққаннан кейін жарты сағаттан соң ол жерге прокуратура өкілдері мен полицейлер барды. Әуелі Есіл аудандық прокурорының орынбасары Сергей Смолин үлескерлерге "қарсылық акциясын рұқсатсыз өткізіп жатқанын" ескертті. Бірақ үлескерлер өздерінің қарсылық жиынын емес өткізіп жатпағанын, аштық жариялап жатқанын, ол үшін рұқсат алу керек емесін айтты.

Бұдан соң прокурор полицейлер басшысымен аз-кем кеңесті. Сосын арнайы автобустармен келген полиция арнайы жасағы үлескерлерді күштеп көтеріп автобусқа тиеп әкетті.

Қалалық әкімдіктің әкімшілік құқықтық бөлімінің басшысы Досдан Исабек үлескерлердің "заңсыз акция өткізгенін" айтты. Ол үлескерлер мәселесіне қатысты "Әкімдік шаралар қабылдайды, біртіндеп шешіледі. Үлескерлердің айтқанын басшылыққа жеткіземіз" деді.

2016 жылы «Азбука жилья» компаниясының басшылары қаржы жымқырды деген айыппен сотталған. Компанияның бірқатар нысандары салынып біткен, қалғандары аяқталмай тұр.

XS
SM
MD
LG