Ссылки доступа

Шетелден қайтқан түркімен студенттерін арнайы қызмет тергеп жатыр


"Түркіменстанның балама жаңалықтары" басылымының мәліметінше, шетелде оқып жүрген, жазғы демалысына үйлеріне қайтқан студенттерді қауіпсіздік органдары қызметкерлері тергеуге алып жатыр.

Өзін Аман деп таныстырған түркіменстандық қазіргі уақытта Түркияда аспирантурада білім алатынын, елге оралған сайын қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан қиындыққа тап болатынын айтады.

"Түркияда оқитын студенттер арасында елшілік тағайындаған арнайы адамдар бар. Олар шетелдегі студенттердің өмірі жайында ақпарат беріп отырады. Түркияда оқитындар олардың кім екендерін біледі. Сондықтан біз сақ жүреміз", - дейді Аман.

Аман соңғы рет Түркіменстанда болғанында қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан тергеуге шақырылғанын айтады.

"Олар мені шақырып алып, бірнеше сұрақтар қоятынын айтты. Олар мен жайында бәрін білетінін, тек шындықты айтады ма, жоқ па тексергісі келетінін жеткізді. Кімдермен байланыстасың? Пәтер жалдап тұрасың ба, әлде жатақханада тұрасың ба? Студенттерге көмектесетін қорларды білесің бе? Әлеуметтік желіге қызығасың ба, әдетте не жазасың деп сұрады", -дейді Аман есімді студент.

Түркіменстанның қауіпсіздік қызметінің өкілдері болса, діни ұйымдармен қатынасы бар студенттерді ғана әңгімелесуге шақырамыз дейді.

XS
SM
MD
LG